![Аялдамадағы үш азамат (әңгіме)](/article_photo/1534740347_article_b.jpeg)
Әуелде біз де оларға бейіл танытып, қалтамыздағы түскі тамақтан артылып қалған азын-аулақ тиын-тебенімізді тастап кетіп жүрдік. Себебі, үшеуі де білдей азамат. Үшеуі де осы маңда, бір-біріне жақын үйлерде, жап-жақсы пәтерлерде тұрады. Кей уақыттарда әйелдерімен бірге қолтықтасып, әлдеқайда қонаққа асығып бара жатқандарын көреміз.
Әйтсе де олардың осындай бір әлсіздігі бар еді. Менің білуімше, бірі – математик, екіншісі – физик, ал үшіншісі және біздің шын көңілден сыйлап, құрметтеп жүретін кісіміз – ақын болатын.
Күн сайын, кей кездері күнара кездесіп қалғанымызда, ол ылғи да: «Амансың ба, інішек, − деп жылы жымиып, қуанып тұратын. – Жұмыстан келе жатырсың ба?» «Иә», «Қалай, жұмысың жақсы ма?..» Мен аздап ыңғайсызданып, иығымды қозғап: «Жаман емес, – деймін. – Бірқалыпты». «Иә-ә, соның өзі де жақсы ғой айналайын. Біз міне, бүгін мына ағаларыңмен бірге аздап сыралатып қайтсақ па деп тұрмыз. Соған аздап… тиын-тебеніміздің жетпей тұрғаны». «Ой, − деймін мен өзімнен өзім ұялғандай қалтама қолымды сүңгітіп, – мендегі бар қалғаны… міне… қырық-елу-ақ теңге». «Болады, – дейді ақын ағамыз езу тартып, басын изеп. – Өстіп-өстіп жиналады ғой».
Бірақ қанша сыйласаңыз да, құрметтесеңіз де, сұрамсақтың аты – сұрамсақ емес пе. Сондықтан да болар, өз басым одан ешқашан: «Аға, қалыңыз қалай? Үй-ішіңізде не боп жатыр? Неге бүйтіп жүрсіз? Зейнетақыңыз қайда? Шығармашылығыңыз ше…» деп сұрап көрген емеспін. Және сұрай қалған күннің өзінде, оған жауап беруге ақын ағамның уақыты да болмас еді-ау деймін. Өйткені әлгі математик пен физик достары бізге алыстан көзін сүзіп, бақылап тұратын-ды.
Әне, сөйтіп, уақыт зымырап өтіп жатты. Ол үшеуі ескі әдеттерінен жаңылмай, аялдамадағы жұртқа қарап телміріп жүре берді. Әрине, бұл кезде ел өмірінде ешқандай өзгеріс болған жоқ десек, көпе-көрінеу өтірік болар еді.
Шындығына келсек, тоқсаныншы жылдардың тоңы жібіп, біздің қалтамызда түскі тамақтан баяғыдай қырық-елу ғана емес, жүз-екі жүз теңгеге дейін артылып қалатын күн туып келе жатты.
Олар да, әрине, бұрынғыдай емес. Менің алғашқы байқағаным, бойларынан ет қашып, арықтап, жүздері күннен-күнге қарауыта бастады. Көздеріндегі баяғы ұшқын сөніп, қолдары қалтырап, иықтары селкілдеп, қанша теңге берсең де телміріп, жаутаңдай береді.
Уақыт шіркін, жер бетіндегі барлық тіршілікті өзі екшеп, өзі текшелеп, өзі реттеп, өз-өз орнына қойып отырады емес пе. Сондықтан, күндердің бір күнінде олардың да кезегі келіп жеткен болуы керек…
Тап қазір қайсысының қай жылы, қай күні қайтпас сапарға аттанғанын нақты айтып бере алмаймын. Тек әлгі, ақын ағамыздың ғана суреті мен оған жазылған қазанаманы, қоштасу сөздерін бір әдеби газеттен көзім шалып қалғаны бар.
Уақыт дегеніңіз, әлі де аққан судай зымырап өтіп жатыр. Алайда олар тұратын аялдама сол баяғы орнында. Тек аздап қана өзгерген. Жауын-шашынды күндері қалқалайтын бастырмасы бар. Және ұсақ-түйек сататын кішкентай дүңгіршік қосылған.
Алайда әлгі үш азамат бұл дүниеде мүлде болмағандай ізім-ғайым. Көзі тірісінде олардың қандай арман-мақсаттары болды? Қандай жетістіктерге жетті? Неге ішіп кетті? Неден түңілді?.. Ол жағы бізге беймәлім.
Ең өкініштісі, қазір аялдамадан түскен кезде күтіп тұратын, аз-кем болса да хал-жағдайымызды сұрайтын ешкім жоқ…
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»